«ТУРГАЙ-ПЕТРОЛЕУМ» АҚ – Қазақстандағы жетекші мұнай өндіруші кәсіпорындардың бірі. Компания Улытау облысының Улытау ауданындағы Құмкөл кен орнында қызметін жүзеге асырады.
«Құмкөл-ЛУКойл» АҚ құруға негіз болған құжат – Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Ресей Федерациясы Үкіметі арасында 1993 жылғы 2 желтоқсанда Алматы қаласында қол қойылған отын-энергетикалық кешендерді дамыту саласындағы ынтымақтастық туралы келісім. Осы келісімге сәйкес Қазақстан Республикасының Мұнай және газ өнеркәсібі министрлігі мен «ЛУКойл» мұнай компаниясы 1995 жылғы 11 сәуірде көмірсутек ресурстарын өндіру, пайдалану және өңдеу саласындағы өзара тиімді ынтымақтастықты қамтамасыз ету мақсатында келісімге қол қойды.
Аталған келісімді жүзеге асыру мақсатында «Южнефтегаз» мемлекеттік АҚ пен «ЛУКойл» АҚ 1995 жылғы шілдеде Құмкөл кен орнының (солтүстік-батыс бөлігі) келісімшарттық аумағында мұнай өндіру үшін бірлескен кәсіпорын құру туралы шарт жасасты. Бірнеше айдан кейін «Южнефтегаз» қазақстандық кәсіпорны мен «ЛУКОЙЛ» АҚ жарғылық капиталдағы үлестерін тең бөлісе отырып, бірлескен кәсіпорын құру жөнінде келісімге келді. Бірлескен кәсіпорын 1995 жылғы 22 тамызда жабық акционерлік қоғам – «Құмкөл-ЛУКойл» ретінде тіркелді.
2000 жылғы жазда акционерлердің жалпы жиналысында «Құмкөл-ЛУКойл» ЖАҚ-ты акционерлік қоғамға қайта құру туралы шешім қабылданып, ол «ТУРГАЙ-ПЕТРОЛЕУМ» атауына ие болды.
Қазіргі уақытта «ТУРГАЙ-ПЕТРОЛЕУМ» АҚ – «КВК-Петролеум» ЖШС мен «PetroKazakhstan Inc.» компаниясының тең үлесті қатысуымен құрылған бірлескен кәсіпорын болып табылады.
Компания игеріп жатқан Құмкөл кен орны Улытау облысы, Улытау ауданының оңтүстік Торғай ойпатында, Қызылорда қаласынан 180 км қашықтықта орналасқан. Келісімшарттық аумақ шамамен 16 мың гектар жерді қамтиды және оңтүстік-шығысынан PetroKazakhstan Kumkol Resources келісімшарттық аумағымен шектеседі.
Компания мұнай операцияларын Құмкөл және Шығыс Құмкөл кен орындарында көмірсутек өндіруге арналған Келісімшарт негізінде жүзеге асырады.
Компанияның негізгі қызмет түрлері: қосымша барлау, кен орнын игеру және пайдалану, мұнайды тасымалдау және шикізат пен қайта өңдеу өнімдерін өткізу.
«ТУРГАЙ-ПЕТРОЛЕУМ» АҚ облыстың үздік салық төлеушісі ретінде танылып, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік кірістер министрлігінің марапатына ие болды.
Компания «Парыз» ұлттық сыйлығының гран-при жүлдесін «Әлеуметтік жауапкершіліктің көшбасшысы» номинациясында алды.
Компания екінші рет «Парыз» гран-при жүлдесіне «Еңбек қауіпсіздігі саласындағы үздік кәсіпорын» ретінде ие болды.