МӘЖІЛІС ТӨРАҒАСЫ МЕН ДЕПУТАТТАР АКЦИОНЕРЛІК ҚОҒАМДА БОЛДЫ
Атом электр стансасын салуды қолдау жөніндегі Халықтық штаб Қызылорда қаласына келді. Мұнда аналар қауымымен, ақсақалдармен, ауыл тұрғындарымен және еңбек ұжымдарымен бірқатар кездесу өтті. Қызылордалықтар АЭС салудың маңызын жақсы түсініп, аймақты және тұтастай алғанда елді дамытудың ауқымды жоспарын осы бастамамен байланыстырады.
Парламент Мәжілісінің Төрағасы Ерлан Қошанов бастаған Халықтық штаб өңірдегі ғана емес, ел аумағындағы жетекші мұнай-газ өндіруші кәсіпорындардың бірі саналатын «Торғай-Петролеум» акционерлік қоғамына да келді. Мұндай ірі кәсіпорындар жүйелі жұмыс істеуі үшін тұрақты әрі ұзақ мерзімді энергия көзі қажет. Сондықтан мұнайшылар алдағы референдумда АЭС құрылысына дауыс беруге ниетті.
Мәжіліс спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошановты күтіп алған кәсіпорын басшысы Дәурен Әбілқайыров оған Компания туралы жан-жақты мәліметтер беріп, еңбек ұжымы елімізде АЭС салуды қолдайтынын жеткізді.
– Атом электр стансасы – экологиялық тұрғыда ең таза, қауіпсіз энергия көзі. Атом электр станциясының құрылысы көмір өнімдерін пайдалануды едәуір қысқартып, қалалардағы ауа тазалығын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, АЭС – болашақ инженерлер, энергетиктер, ядролық физиктер, құрылысшылар және тағы да басқа мамандық иелері үшін лайықты жұмыс әрі кәсіби тұрғыда өрлеу. Біз осыны жете түсінеміз және қолдаймыз, – деді кәсіпорын басшысы.
Ал Мәжіліс Төрағасы тәулігіне 500 тонна мұнай өндіріп, 400-ден астам жұмысшы еңбек ететін ұжымға атом электр стансасы туралы кеңінен әңгімелеп берді.
– Бәріміз мықты да тәуелсіз Қазақстанда, экономикасы дамыған, болашағы жарқын елде өмір сүріп, еңбек етіп, ұрпақ өсіргіміз келеді. Атом энергетикасы – еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, экологиялық мәселелерді шешуге мүмкіндік беретін, келешекке бағдарланған қадам. Сондықтан, 6 қазанда атом электр стансасын салуға дауыс бере отырып, біз, ең алдымен, келешек ұрпағымыздың жарқын болашағының негізін қалаймыз, – деді Ерлан Жақанұлы мұнайшылармен кездесуде.
Ядролық физика институтының бас директоры Саябек Сахиев Қазақстанда АЭС салуға қажет ғылыми-техникалық база мен кадрлық әлеует бар екенін айтты. Атап айтқанда, Алматының қақ ортасында қуаты аз реактор 60 жылға жуық табысты жұмыс істеп келеді. Онда 700-ден астам адам еңбек етеді. Медицинадан бастап өнеркәсіпке дейінгі түрлі бағыт бойынша зерттеулер жасалады. Барлық жұмыс МАГАТЭ-ның тікелей бақылаумен жүргізіледі. Мұның бәрі АЭС салу кезінде пайдаланылады.
Акционерлік ұжымның жұмысшылары болса, АЭС түрлі салада – үйдегі жылу мен экологиядан бастап, бизнесті дамытуға және жаңа кәсіпорындардың пайда болуына дейінгі мультипликативті әсер беретін ауқымды жоба екенін атап өтті. Осыған байланысты, өз елінің дамуын қалайтын әр азамат АЭС-ті қолдауға тиіс. Сондықтан Қызылорда облысындағы мұнайшылар қауымы бейбіт атомды қолдап, дауыс беруде.
Кездсеуде кәсіпорын ардагері Әлібек Сабырбаев, Күрделі құрылыс бөлімінің бастығы Талғат Базарбаев пен Әлеуметтік даму бөлімінің бастығы Зағипа Аймұрзаева сөз алып, бейбіт атом еліміз үшін жаңа мүмкіндіктер ашатынын атап жеткізді. Мәселен, АЭС салу кезінде отандық құрылыс компаниялары жоғары жүктеме алады. Яғни, тек атом станциясы ғана емес, сонымен қатар ілеспе инфрақұрылым да қоса салынады: кірме жолдар, қызметкерлерге арналған тұрғын үйлер, әлеуметтік инфрақұрылым нысандары.
Күрделі құрылыс бөлімінің бастығы Талғат Жанғазыүлы өнеркәсіптік нысандарды тұрақты энергиямен жабдықтаудың маңызына тоқталды.
– Электрмен жабдықтау проблемасы – барлық өңірге ортақ. Энергия жетіспеушілігі жаңа өндіріс орындарының құрылуын тежейді. Қызылорда облысында соңғы екі жылда электр энергия тұтыну көлемі артқаны байқалады. Өңірде ондаған тұрғын-үй, әлеуметтік және өнеркәсіптік нысандар іске қосылды. Бұл желідегі электр қуатының 23%-ға төмендеуіне әкеліп соқтырды. Атом электр станциясы осы мәселені шеше алады. Қолданыстағы ЖЭО-мен салыстырғанда оның артықшылығы әлдеқайда жоғары, – деді ол.
Сырбойылық мұнайшылардың пікірінше, халықтың АЭС құрылысын қолдауы – тағдыршешті қадам әрі болашақ ұрпаққа деген шынайы қамқорлық. Сондықтан барша қазақстандық алдағы референдумға белсенді қатысып, АЭС құрылысына дауыс беруге және еліміздің дамуына өз үлесін қосуға тиіс.
Атап өтерлігі, кездесуге «Respublica» партиясының Төрағасы Айдарбек Қожаназаров, Мәжіліс депутаттары Ринат Зайытов, Айдос Сарым және Дүйсенбай Тұрғанов қатысып, өз пікірлерін ортаға салды.