МҰНАЙШЫЛАР КҮНІНДЕГІ САЛТАНАТ
«ТОРҒАЙ-ПЕТРОЛЕУМ» акционерлік қоғамының Келісімшарттық аумағы – «Құмкөл» кен орнында сала қызметкерлерінің төл мейрамы «Қазақстан Республикасының мұнай-газ кешені қызметкерлерінің күні» кәсіби мерекесі ерекше сән-салтанатпен аталып өтті.
Жері бай, даласы дарқан, несібесі мол Қызылорданың өнеркәсіп өндірісінің негізгі бөлігі – мұнай өндіруге тиесілі. Қойнауы қазынаға толы Тұран төрінен мұнай кен орындарының табылуы өлке тірлігін түлетіп, өңірдің өндірістік және экономикалық дамуына дем берді. Нарық көшіндегі даңғыл жолын 1995 жылы бастаған 30 жылға жуық тарихы бар «Торғай-Петролеум» акционерлік қоғамы қыруар жұмыстар атқарып, толағай табыстарға қол жеткізіп келеді.
Салтанатты шарада, ең алдымен, «Торғай-Петролеум» акционерлік қоғамында ұзақ жылдар бойы еңбек етіп, кәсіпорынның дамуына ерекше үлес қосқан, осы салада бірнеше буын шәкірттерді тәрбиелеп шығарған аға буын өкілдері – ардақты ардагерлеріміз марапатталды. Оларға Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің «Еңбек ардагері» медалі табысталып, қазақы салтпен шапан жабылды. Олардың қатарында Әлібек Сабырбаев, Иманбек Иманқұлов, Балғабай Отаров, Марат Өтегенов, Ысмайыл Нұрқұлов бар.
Әлібек Сабырбаев кәсіпорында 13 жыл еңбек еткен, осы жылдары Компанияда оның жетекшілігемен мұнайды дайындау және қайта айдау учаскесі, блоктық-топтық сорғы станциялары және т.б. көптеген ірі өндірістік нысандары салынды және қолданысқа тапсырылды.
Ал Иманбек Жетпісбайұлы болса, кәсіпорында 29 жыл еңбек еткен, Мұнай және газ өндіру цехындағы арнаулы және ауыр техникалардың жүргізушісі болған қарапайым жұмысшы. Осынау 29 жылдың ішінде тек жүргізуші ғана емес, автомеханик ретінде де қосымша лауазымды алып жүріп, мұнай және газ өндіру жұмысына қажетті арнаулы техникалардың үздіксіз жұмыс жасауын қамтамасыз еткен кәсіби маман.
Балғабай Отаров – кәсіпорында 29 жыл еңбек еткен, еңбек жолын қарапайым жүргізушіден бастап автомеханик, автокөлік және арнаулы техника бөлімінің бастығы лауазымына дейін сатылап өскен кәсіби маман. Ол кәсіпорында еңбек еткен жылдары мұнай және газ өндіру жұмысына қажетті арнаулы техникалардың үздіксіз жұмыс жасауын қамтамасыз ете білген, акционерлік қоғамның дамуына өз қолтаңбасын қалдырған майталман қызметкер.
Сондай-ақ, Марат Өтегенов кәсіпорында 25 жыл еңбек еткен, еңбекті және қоршаған ортаны қорғау, өнеркәсіптік қауіпсіздік бөлімінің жұмысына айрықша еңбегі сіңген, осы бөлімнің үздіксіз жұмыс жасауына жылдар бойы тер төккен майталман маман. Компанияның еңбекті қорғау саласындағы тұжырымдамасы мен саясатын жүзеге асыруда өз қолтаңбасын қалдырған білікті қызметкер.
Ысмайыл Жұмабайұлы болса, кәсіпорында 25 жыл еңбек еткен, мұнай және газ өндіру қазандық қондырғысының операторы болған қарапайым жұмысшы. Компанияда еңбек еткен жылдары қазандық қондырғысының үздіксіз және ақаусыз жұмыс жасауын қамтамасыз еткен білікті маман.
Биыл Қазақстан мұнайының 125 жылдығы тойлануда. 1899 жылы Жылыой ауданының аумағында орналасқан Қарашүңгілдегі №7 ұңғыманың 42 метр тереңдігінен мұнай бұрқағы атқылап, содан бері қазақтың кең жазиралы даласындағы табиғи байлықты өндіру әсте тоқтаған емес. Осы ретте, бір топ қызметкерлер «Қазақстан мұнайына – 125 жыл» мерекелік медалімен мадақталды. Аталған медаль Бас директордың бірінші орынбасары Чжан Ифэй мырзаға, Күрделі құрылыс бөлімінің бастығы Талғат Базарбаев, Ұңғымаларды ағымдағы және күрделі жөндеу бөлімінің бастығы Марат Сыдықов, Мұнай және газ өндіру цехының бастығы Ақылбек Отызбаев, Орталық инженерлік-технологиялық қызметтің бастығы Оралбек Орқараев, Салықтық есеп бөлімінің бастығы Гүлмира Егізбаева, Тауарды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуды және тауарлық-материалдық құндылықтарды өткізуді ұйымдастыру бөлімінің бастығы Ғалымбек Нұрманов, Мұнай кәсіпшілігі жабдықтарының 2 санатты механигі Ескендір Қалымбетов және Жеке құрамды басқару бөлімінің референті Нұрсұлтан Мықтыбаевқа табысталды.
Ал Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің «Мұнай-газ кешенін дамытуға қосқан үлесі үшін» медалімен Геология және әзірлеу бөлімінің І санатты инженер-геологы Салтанат Батырбекова, «Мұнай-газ саласының еңбек сіңірген қызметкері» төсбелгісімен 1 санатты инженер-технолог Сабыр Жұмахметов, Мұнай және газ өндіру цехының шебері Болат Омаров, мұнай-газ саласындағы кәсіби жетістіктері үшін Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Сәтқалиев Алмасадам Майданұлының Құрмет Грамотасымен 2 санатты инженер-бағдарламашы Гүлнар Жүнісова, Кадр жөніндегі инспектор Гүлбада Аманова, Мұнайды даярлау және айдау учаскесінің бастығы Рашид Бакуов, Мұнай және газ өндіру учаскесінің операторы Сапаралы Сапаров марапатталды.
Ал Энергетика министрі Сәтқалиев Алмасадам Майданұлының Алғысы Ұңғымалардың механикаландырылған қоры бойынша 1 санатты инженер-технологы Бағдат Жүнісов, бухгалтер Айгүл Құлпейісова, Жабдықтарды есепке алу жөніндегі инженер Ердана Бошаев және 6 разрядтағы мұнай-газ өндіру жөніндегі операторы Шоқан Қаламбаевқа тапсырылды.
Сыр өңірінің мұнай-газ саласының дамуына қосқан ерекше үлесі үшін Қызылорда облысының әкімі Нәлібаев Нұрлыбек Машбекұлының Алғысымен Күрделі құрылыс бөлімінің 1 санатты инженері Талғат Дәрменбаев, Мұнайды дайындау және айдау учаскесінің бастығы Жарасбек Сапаров, Мұнай және газ өндіру цехының 1 санатты инженер-технологы Абдулла Шапшаңов, Жеке құрамды басқару бөлімінің 2 санатты маманы Нина Вержбицкая, Жоспарлау және талдау бойынша жетекші маман Сәкен Байдулла және Мұнай және газ өндіру цехының 2 санатты инженер-технологы Нұрдәулет Әлиев марапатталды.
Сондай-ақ, бірқатар жұмысшыларға еңбектегі жоғары көрсеткіштері, кәсіби шеберлігі және Компанияның дамуына қосқан үлесі үшін «ТОРҒАЙ-ПЕТРОЛЕУМ» акционерлік қоғамының Бас директоры Әбілқайыров Дәурен Тұрғанбайұлының Құрмет Грамотасы тапсырылды.
Салтанатты шарада «ТОРҒАЙ-ПЕТРОЛЕУМ» акционерлік қоғамымен ұзақ жылдар бойы байланыс орнатып, бірге жұмыс жасап келе жатқан мердігер мекемелер де Акционерлік қоғам басшылығының назарынан тыс қалмады. Мәселен, «Бүркіт» Күзет бюросы ЖШС, «Востокнефтегаз – 2050» ЖШС, «СПМК» ЖШС, «Petroleum Technology» ЖШС, «Оңтүстік мұнай сервис» ЖШС, «НефтьТехСервис» ЖШС, «Бастау – S» ЖШС, «Авиценна» ЖШС, «Тұлпар и Компания» ЖШС секілді мердігер мекемелердің жұмысшылары марапат биігінен көрінді.
Мерекелік шарада Қызылорда облысының танымал өнерпаздары өнер көрсетіп, ән мен биден шашу шашты.
Ерекше атап өтерлігі – дәл сол күні «ТОРҒАЙ-ПЕТРОЛЕУМ» акционерлік қоғамының бас директоры, техника ғылымдарының кандидаты Әбілқайыров Дәурен Тұрғанбайұлына Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігіндегі салтанатты шарада еліміздің мұнай-газ саласының дамуына қосқан елеулі үлесі, кәсіби қызметте жеткен жоғары нәтижелері үшін арнайы марапат тапсырылды.