КОМПАНИЯ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТТЫЛЫҚҚА ОҚЫТЫЛДЫ

Еліміздің барлық өңірінде қолға алынған «Қарызсыз қоғам» жобасынан «ТОРҒАЙ-ПЕТРОЛЕУМ» АҚ-ның жұмысшылары да шет қалмады. Акционерлік қоғам басшысы Дәурен Әбілқайыровтың бастамасымен кәсіпорынның 150-ге жуық жұмысшысы қаржылық сауаттылығын арттырды. Жақында осы жобаға қатысқандарға салтанатты түрде сертификат табыстау рәсімі өтті.

Екі аптаға созылған оқу аптасының қорытынды шарасына «Amanat» партиясы Қызылорда қалалық филиалының Атқарушы хатшысы Гүлшат Мұсаева және «ТОРҒАЙ-ПЕТРОЛЕУМ» АҚ Бас директоры, «Жарық» бастауыш партия ұйымының төрағасы Дәурен Әбілқайыров қатысып, оқу курсынан өткен азаматтарға сертификат табыстады.

– Мемлекет басшысының Жолдауында азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыру бойынша берілген тапсырманы орындау шеңберінде «Amanat» партиясының бастамасымен «Қарызсыз қоғам» жобасы іске қосылған болатын. Президентіміз ел азаматтарының шамадан тыс несие алуы мәселесіне бірнеше рет назар аударғанын білесіздер. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қиын жағдайға тап болған отбасылардың несиесі кешіріліп, жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң қабылданды, халықтың несиеге тәуелділігін төмендету бойынша жаңа заңнамалық түзетулер әзірленуде. Бірақ тәжірибе көрсеткендей, бұл күрделі әлеуметтік мәселені шешу үшін қоғамда жаңа «қаржылық мәдениет» қалыптастыру қажет. 2024 жылы еліміздің барлық өңірінде 200 мың адам қаражатқа жауапкершілікпен қарап, табысты арттырудың әдіс-тәсілін үйренеді. Бұған қоса, мектеп, колледж және жоғары оқу орнына арналған оқу құралдары әзірленеді. Бұл қадам 100 мыңға жуық студент пен 450 мың жоғары сынып оқушыларының сауатын арттыруға мүмкіндік береді. Осылайша, жоба аясында 750 мың адам қамтылады, – деді Гүлшат Исақызы.

Ал Дәурен Тұрғанбайұлы болса, кәсіпорын жұмысшыларының арасында қарыз, несие мәселесі күрделі екендігіне баса назар аударды.

– Шыны айту керек, біздің жұмысшылардың арасында да қаржылық қиындыққа тап болғандар аз емес. Оны мен әр апта сайын жұмысшылармен кездесу барысында естіп, біліп отырмын. Көбісі осы мәселені көтеріп, көмек сұрайды. Осы жағынан алғанда біздің бір ауыз сөзімізді жерге қалдырмай, мұнайшылар арасында да осы жобаны жүзеге асыруға мүмкіндік берген Гүлшат Исақызы бастаған «Amanat» партиясы Қызылорда қалалық филиалына алғысымыз шексіз. Мен өзім осы жобаға қатыстым, тиімді екенін көрдім. Сондықтан да, «Қарызсыз қоғам» жобасы қарызға белшеден батып, үмітін үзгендерге нақты қолдау көрсетеді деп сеніммен айта аламын. Жоба қолда бар қаражатқа өмір сүруге, қажетсіз несиеден бас тартуға үйретеді. Біздің жұмысшылар бұл жобаға қолдау білдіріп, оны жалғастыруды сұрап отыр. Біздің мақсатымыз – әрбір азаматқа қаржылық тәуелсіздікке жету үшін қажетті білім мен ресурстарды беру. Біз оларды қарыздардан босатуға, белсенді білім беруге және терең жанашырлыққа негізделген қолдау арқылы экономикалық еркіндік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге тырысамыз. Жоба қаржылық сауаттылықты арттыруды жақтайды, мұны тек маңызды дағды ғана емес, сонымен бірге әр адамның негізгі құқығы деуге болады, – дейді акционердік қоғам директоры Дәурен Әбілқайыров.