КОМПАНИЯ ЖҰМЫСШЫЛАРЫНЫҢ БАЛАЛАРЫ АРАСЫНДА СУРЕТ САЛУ САЙЫСЫ ӨТТІ
«AMANAT» партиясы Қызылорда қалалық филиалы мен «Жарық» бастауыш партия ұйымына қарасты «ТОРҒАЙ-ПЕТРОЛЕУМ» АҚ-ның ұйымдастыруымен белсенді партия мүшелері, компания жұмысшыларының балалары арасында «Бақытты отбасы» жобасы аясында сурет сайысы өтті. Жүлде алған үздік туындылардан арнайы көрме де ұйымдастырылды.
Сурет сайысына Қызылорда облысында тұратын кәсіпорын жұмысшыларынан бөлек, өзге өңірлерде тұратын жұмысшылардың балаларынан да туындылар келіп түсті.
«Қазақстан біздің балаларымыздың көзімен» атты сурет көрмесіне сайысқа қатысушылардың арасынан іріктеліп алынған 11 бүлдіршіннің туындылары орналастырылды.
Сайысқа қатысушыларға партияның қалалық филиалының Атқарушы хатшысы Гүлшат Мұсаева және «Жарық» бастауыш партия ұйымының төрағасы, «ТОРҒАЙ-ПЕТРОЛЕУМ» АҚ-ның бас директоры Дәурен Әбілқайыров жылы лебізін білдірді.
Аталған сурет байқауы «Менің үйім», «Менің сүйікті қалам», «Менің арманымдағы мамандық», «Мұнай – қара алтын» номинациялары бойынша ұйымдастырылды.
Жүлделі орын иеленген қатысушыларға партия мен Компания атынан «Алғыс хат» және бағалы сыйлықтар табысталды.