Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты кездесу барысында Сыр жұртшылығын және қатысушыларды 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі мерекесімен құттықтады.
Іс-шараға зиялы қауым өкілдері, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері мен облыстық этномәдени бірлестіктердің жетекшілері, меценаттар, үкіметтік емес ұйымдар мен волонтерлер, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Аймақ басшысы мемлекетіміздің стратегиялық мақсаты қоғамдағы бірлік пен татулық екеніне тоқталды.
– Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІІ сесиясында «Тасқын кезінде ел бірлігі нығая түсті. Арқадағы ағайынға, Жайықтағы жұртқа бүкіл Қазақстан халқы көмектесуге ұмтылды. Апат аймағында тұратын адамдар барша отандасымыздың шынайы жанашырлығын сезінді» деп атап өтті. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет, квазимемлекеттік компаниялар, кәсіпкерлер, қоғамдық қорлар 140 млрд. теңгеден астам қаржы бөліп, жағдайды қалпына келтіруге қолдау көрсетуде. Мемлекет басшысының бастамасына Сыр жұртшылығы да қолдау білдіріп, су тасқыны болған аймақтарға көмек қолын созды. Республикалық қайырымдылық акциясына облыстың барлық мемлекеттік мекемелерімен қатар, ірі кәсіпорындар мен компаниялар, меценаттар, партия және Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылымдары, волонтерлер айрықша үлес қосты. Қызылорда облысынан еліміздің Қостанай, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Атырау, Солтүстік Қазақстан облыстарына 738 адам, 216 арнайы техника жіберіліп, көмек көрсетілуде. Осы ретте, табиғи апат болған өңірлерге жәрдем жасаған барша сырбойылықтарға, халық қалаулыларына, кәсіпкерлерге, төтенше жағдай қызметкерлері мен ерікті жастарға алғысымызды, ерекше ризашылығымызды білдіреміз! – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Жиында Қызылорда облысының Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері Шакизада Әбдікәрімов, облыстық неміс қоғамдық-мәдени орталығының жетекшісі Ирина Шек, «Торғай-Петролеум» АҚ бас директоры Дәурен Әбілқайыров, «Amanat» партиясы жанындағы «Жастар рухы» Жастар қанаты облыстық филиалының төрағасы, волонтер Әсет Баймұрза сөз сөйлеп, жерлестерін бірлік пен ынтымақтың арқасында жасампаз жұмыстарды жалғастыра беруге шақырды.
– Қазіргі күні еліміз табиғи апат салдарын жұмыла көтеріп, еңсеруде. Елдегі күрделі жағдайға байланысты Президентіміз арнайы үндеу жолдап, «Осындай қиын-қыстау кезде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығару айрықша маңызды. Бір ел, бір халық болып жұмылып, бұл апатты еңсереміз. Бұл біздің қолымыздан келеді» деген болатын. Мемлекет басшысы халқымыз үшін басты құндылықтардың бірі бірлік пен өзара көмек екенін үнемі айтып, ауызбіршіліктің арқасында ең қиын кезеңдерді еңсергенімізді бірнеше рет атап өтті. ХХ ғасырдың аласапыран тарихы табыстырған біртұтас Қазақстан халқы бүгінде азаматтықтың жоғары үлгісін көрсетіп, өзара көмек қолын созуда. Бұл сәтте көршілес, бауырлас елдер де елімізде орын алған оқиғаға бей-жай қарамай, гуманитарлық қолдауларын жеткізіп жатыр.
Дана халқымыз «Апат айтып келмейді» дейді. Мұндайда ел болып бірігіп, қиындықты еңсеруден асқан бақыт жоқ. Өзіңіз басқарып отырған Сыр өңірінің азаматтары да Сіздің қолдауыңызбен Жайық пен Арқадағы елге көмек қолын созудан қалыс қалған жоқ. «Саусақ бірікпей – ине ілікпейді» демекші, Сыр өңірі мұнайшылары да еліміздің халқымен бірге екенін көрсетуде. Жаңа Өзіңіз атап өткендей, 15-ке жуық ұлт өкілі татулықта еңбек ететін «Торғай-Петролеум» мұнай компаниясы 50 млн теңгеден аса көлемінде және Қызылорда облысының халқымен бірге су апатынан зардап шеккен өңірлерге, атап айтқанда, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Құлсары қаласына 10 үлкен жүк көлігімен гуманитарлық көмек берді. Бұдан бөлек, табиғи апаттан зардап шеккен өңірлерде – Құлсары, Атырау, Ақтөбе қаласында тұратын Компания жұмысшыларын жалақысын сақтай отырып, өздерінің тұрғылықты қалаларына ерікті ретінде көмек көрсетуге жіберу туралы шешім қабылданды. Мұқтаж жандарға көмектесу – әрбір әлеуметтік жауапкершілігі басым компанияның басты ұстанымы және елдік парызы деп білемін.
Еліміз соңғы жылдары аса күрделі сынақтардың тағы бір тарихи кезеңін бастан өткеруде. «Бірлік еткен озар, бірлеспеген тозар» дегендей, бірлік пен ынтымақтың арқасында бұл қиындықтың бәрін жеңетінімізге, шынығып, ширап, бұрынғыдан да мықты болып шығатынымызға сенемін. Дана халқымыз: «Қатты жерге қақ тұрар, қайратты ерге бақ тұрар» демекші, осы ретте, ірі мұнай компаниясының өкілі ретінде барлық әріптестерімді, бизнес саласының өкілдерін «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» мемлекетімізге, халқымызға қолдау көрсетуге шақырамын. Ырыстың ынтымаққа бастайтыны, бірлігі жоқтың тірлігі жоқ екендігі сан ғасырдан белгілі. Сондай-ақ, «Бірлігі бар елдің белін ешкім сындырмас», дейді ата-бабамыз. Олай болса, сын сағатында сыр бермей, бауырлас облыстарға көмек қолын соза білген Сыр халқының ынтымақ-бірлігі арта берсін! – деді Компания Бас директоры, техника ғылымдарының кандидаты Дәурен Әбілқайыров.
Жиын соңында аймақ басшысы Н. Нәлібаев сын сағаттарда бірліктің үлгісін көрсеткен кәсіпорын басшысы Дәурен Әбілқайыровты Алғыс хатпен марапаттады.