КОМПАНИЯ ҰЖЫМЫ НАУРЫЗ МЕРЕКЕСІН ТОЙЛАДЫ
Сыр елінде Ұлыстың ұлы күні кең көлемде тойлануда. Қызылорда қаласы мен аймақтың әр аудан-ауылдарында киіз үйлер тігіліп, тұрғындар үшін мерекелік концерттер ұйымдастырылды. Қазақ халқы үшін жыл басы саналатын бұл мейрамнан «ТОРҒАЙ-ПЕТРОЛЕУМ» акционерлік қоғамының ұжымы да қалыс қалған жоқ.
Компания Қызылорда қаласы әкімдігінің алдындағы алаңда ақшаңқан киіз үйін тігіп, 21 наурыз күні кешкілік қала тұрғындары мен кәсіпорын ұжымына ауызашар дастарқанын жайды.
Ал келесі күні қала тұрғындары мен қонақтарына ұлттық тағамдардан дәм ұсынып, мерекелік концерт ұйымдастырды.
– Биылдан бастап Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен Наурыз мерекесін тойлаудың жаңа форматы Наурызнама тұжырымдамасы қабылданды. 14-23 наурыз аралығындағы мерекелік онкүндіктің әр күні еліміздің мәдени байлығы мен ерекшелігін көрсететін белгілі бір тақырып пен құндылықтарға арналған. Бұл онкүндіктен біздің кәсіпорын да шет қалмайды. Жақсылықтың жаршысы, жаңа жылдың бастауы, қасиетті бабаларымыздың ақ батасы мен өнегелі дәстүрдің көрінісі – әз-Наурыз баршаңызға ырыс, несібе әкелсін! – деді Компания Бас директоры, техника ғылымдарының кандидаты Дәурен Әбілқайыров.
Ұлыстың ұлы күнінде «ТОРҒАЙ-ПЕТРОЛЕУМ» акционерлік қоғамының «Мұнайшылар ауылында» Қызылорда облысы әкімінің бірінші орынбасары Жаналинов Данияр Еренғалиұлы қонақта болып, Компания ұжымын әз Наурызбен құттықтады. Өнерпаздардың өнерін тамашалап, мерекелік дәмнен дәм татты.
Соңында «Наурыз – береке бастауы» атты мерекелік шараға белсене қатысқаны үшін Компания ұжымына облыс әкімдігінің Алғыс хат тапсырды.