КӘСІПОРЫН ҚАЛА ТҰРҒЫНДАРЫНА ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ КӨМЕК КӨРСЕТТІ

    «Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» дейді қазақ даналығы. Баршаға белгілі, жоқ-жітікке қарасу, жылағанды жұбату, сүрінгенді сүйеу, мұқтаждардың талған өзегіне талғажау табу – халқымыздың бойында ежелден қалыптасқан қасиет.
Адам бар жерде тұрмыстық түйткілдердің туындамауы мүмкін емес. Ата-бабамыз осындай қысқа жіп күрмеуге келмейтін қысылтаяң шақтарда ауызбіршілікті, адалдықты, ынтымақты ту етіп көтерген. Әсіресе, көптің мәселесін қара бастың қамынан жоғары қойып, қолында барды жомарттықпен өзгемен бөлісе білген.
Осы орайда, Қызылорда облысының ғана емес, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына өзінің зор үлесін қосып келе жатқан компаниялардың бірі де бірегейі «ТОРҒАЙ-ПЕТРОЛЕУМ» акционерлік қоғамы Қызылорда қаласындағы халықтың әлеуметтік осал тобына жататын тұрмысы төмен отбасыларға қайырымдылық көмек көрсетіп, азық-түлік қоржындарын таратты.
Аталған қайырымдылық көмекті Компанияның Бас директоры Дәурен Әбілқайыров бастап таратты. Онымен бірге «Amanat» партиясы Қызылорда қалалық филиалы мен қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мамандары бірге болды.
– Қамқорлыққа зәру жандардың қамқоршысы болып, жылы сөз, жүрек жылуын ұсынып, ізгілік нұрын шашып, демеушілік көрсетіп жүрген Сіздей жомарт жанның еңбегіне табыс, отбасына амандық тілеймін! «Жаңбырменен жер көгерер, алғыспенен ел көгерер» демекші, ел алғысына бөленіп жүре беріңіз! – деп ризашылығын білдірді аталған көмекке ие болған Тасбөгеттік тұрғынның бірі.

 

«ТОРҒАЙ-ПЕТРОЛЕУМ» АҚ – «АТАМЕКЕН» БАЛАЛАР ҮЙІНІҢ СЕНІМДІ ДОСЫ

      Қызылорда облысының ғана емес, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына өзінің зор үлесін қосып келе жатқан компаниялардың бірі де бірегейі «ТОРҒАЙ-ПЕТРОЛЕУМ» акционерлік қоғамЫ өзінің қызметінің басынан бастап 2023 жылға дейін қазақстандық және жергілікті мамандарды оқытуға 3,2 млрд. теңгеден астам қаржы бағыттады. Өңірдегі түрлі қайырымдылық шараларына 4 миллиард 476 миллион теңгеден астам қаржы жұмсады. Оның ішінде, кәсіпорын оңалту орталығы, «Атамекен» отбасы үлгісіндегі балалар ауылы, Қарттар үйі, арнайы түзету мектептері, зағип, мүгедек жандардың қоғамдық қорлары, халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын отбасыларға жиі көмек көрсетіп келеді. Сонымен қатар, жергілікті спортшылардың түрлі халықаралық байқауларға қатысуына қаржылай қолдау көрсетіп, демеушілік жасады.
Компания, әсіресе, «Атамекен» отбасы үлгісіндегі балалар ауылына ерекше көңіл бөліп, қамқорлық танытып келеді. Аталған балалар ауылында кәсіпорының қамқорлығындағы «Сарыарқа» деп аталатын үйі бар. Онда тұратын балаларға кәсіпорын Жаңа жылдан бастап барлық мерекелерде сыйлықтар тарту етіп, өнерлі балалардың республикалық, халықаралық жарыстарға қатысуына демеуші болып келеді.