АКЦИОНЕРЛІК ҚОҒАМ ЖҰМЫСШЫЛАРЫНЫҢ ДЕНСАУЛЫҒЫ ؎ БАСТЫ НАЗАРДА
Қызылорда облысының ғана емес, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына өзінің зор үлесін қосып келе жатқан компаниялардың бірі де бірегейі «ТОРҒАЙ-ПЕТРОЛЕУМ» акционерлік қоғамы жұмысшыларының денсаулығына баса назар аударып, назардан тыс қалдырған емес.
2022 жылы Компанияда алғаш рет жақсартылған шарттармен Ұжымдық шартқа қол қойылды, онда әлеуметтік төлемдердің мөлшері айлық есептік көрсеткішке байланыстырылды.
Ерекше атап өтерлігі – медициналық қызмет көрсету шарты шеңберінде тұңғыш рет кәсіпорынның 200-ден аса қызметкері Сарыағаш, Жаңақорған және Қызылорда қаласындағы шипажайларда санаторий-курорттық ем қабылдады.
Ал 2024 жылдың қаңтар-қыркүйек аралығындағы 9 айында барлығы 174 жұмысшы санаторий-курорттық ем алған. Оның 55-і Жаңақорғандағы шипажайда ем қабылдаса, қалған 119-ы «Q-med company group» ЖШС Қызылорда қаласындағы шипажайында денсаулығын сауықтырған.
Сонымен қатар, жыл басында медициналық тексеру кезінде артериалды қан қысымы бойынша 34 жұмысшы есепке алынса, қазір жүйелі түрде санаторий-курорттық ем қабылдаудың арқасында тізімде 3 ғана адам қалған.
– Кәсіпорынға Дәурен Әбілқайыров басшы болып келгелі көптеген оң өзгерістерді сезініп жатырмыз. Соның нақты бір дәлелі – медициналық қызмет көрсету сапасының артуы. Компанияның барлық жұмысшыларын шипажайларға жіберіп, санаторий-курорттық ем қабылдатуға жағдай жасауы – біздің мекемеде бұрын-соңды болмаған оқиға. Осы мекемеде 28 жылдан бері жұмыс жасаймын. Жасыратыны жоқ, бұрын курорт дегенге бірен-саран, санаулы адамдар ғана баратын. Қазір бәріне тең мүмкіндік жасалып отыр. Өзім 1,5 жылда «Q-med company group» ЖШС Қызылорда қаласындағы шипажайында 3 рет ем алдым. Мұнда Жаңақорған, Сарыағаш, Мерке сияқты атақты шипажайлардағы емнің бәрі бар. Осы шипажайға жатқалы қан қысымым дұрысталып, қазір толық реттелді, – дейді Компанияның «Құмкөл» кен орнындағы коменданты Дәурен Ашимов.