Асыл қазынаға толы еліміз үшін геология ғылымы – ел экономикасының дамуы жолында ерекше орын алатын алдыңғы қатардағы тірек салаларының бірі. Геолог мамандарының қажырлы еңбегінің арқасында жер қойнауындағы пайдалы қазбалар адамзаттың игілігіне жарап, мемлекетіміздің өсіп-өркендеуіне қызмет етуде. «Торғай-Петролеум» акционерлік қоғамының Келісімшарттық аумағы – Құмкөл кен орнында биыл ерекше сән-салтанатымен аталып өткен Геологтар күні кәсіби мерекесі мұнайшылар қауымының арасында бұл күннің маңызы жоғары екендігін тағы бір көрсетті.
Айтулы шара ең алдымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» бастамасын қолдау мақсатында сенбілікпен бастау алды. Кен орнында қызмет ететін 80-ге жуық жұмысшы оның аумағын күл-қоқыстан тазартып, акцияға белсене атсалысты. Артынша шараға арнайы келген құрметті қонақтар мен Компания жұмысшылары әкімшілік-тұрмыстық корпус алдында, бірқатар ғимараттар мен тұрғын жайлар жанында үйеңкі, жиде, тұт, шырша, терек, сексеуіл, қара ағаш секілді барлығы 120 дана тал екті.
Мереке одан әрі Геологтар күніне арналған салтанатты шарамен жалғасып, онда Компанияның геология қызметі жеткен жетістіктер жан-жақты сөз болды. «Оңтүстік қазжерқойнауы» Оңтүстік Қазақстан өңіраралық геология департаменті» Қызылорда өңірлік инспекциясының басшысы Еркін Асқар, Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Мұнай-газ кешеніндегі мемлекеттік инспекциясының Оңтүстік өңіраралық басқармасы басшысының орынбасары Қуаныш Рахманбаев, «Amanat» партиясы Қызылорда қалалық филиалының атқарушы хатшысы Гүлшат Мұсаева бастаған құрметті қонақтар сөз алып, геологтарды кәсіби мерекесімен құттықтады. Еліміздің геология саласының дамуына қосқан елеулі үлесі үшін Компанияның осы саласында еңбек ететін мамандарға Қазақстан Республикасы өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің, Геология комитетінің ведомоствалық наградалары мен Қызылорда облысы әкімінің Алғыс хаттары табыс етілді.
– Геологтар күні кәсіби мерекесі сәуір айының алғашқы жексенбісінде аталып өтілетіні белгілі. Биыл бұл мерекені тойлауды еліміздің 10 өңірінде орын алған су тасқынына байланысты кейінге шегеру туралы шешім қабылдаған болатынбыз. Бүгін, міне, елдегі табиғи апаттың беті қайтып, қаупі сейілген соң сіздермен бірге осы айтулы күнде бас қосып отырмыз. Қазіргі күні еліміз табиғи апат салдарын жұмыла көтеріп, еңсеруде. Елдегі күрделі жағдайға байланысты Президентіміз арнайы үндеу жолдап, «Осындай қиын-қыстау кезде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығару айрықша маңызды. Бір ел, бір халық болып жұмылып, бұл апатты еңсереміз. Бұл біздің қолымыздан келеді» деген болатын. Дана халқымыз «Апат айтып келмейді» дейді. Мұндайда ел болып бірігіп, қиындықты еңсеруден асқан бақыт жоқ. «Саусақ бірікпей – ине ілікпейді» демекші, Сыр өңірі мұнайшылары да еліміздің халқымен бірге екенін көрсетіп, «Торғай-Петролеум» акционерлік қоғамы 50 млн теңгеден аса көлемінде су апатынан зардап шеккен өңірлерге, атап айтқанда, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Құлсары қаласына 10 үлкен жүк көлігімен гуманитарлық көмек берді. Мұның бәрінде осы Компанияда еңбек ететін әрқайсысыңыздың үлестеріңіз бар. Ең алдымен, азаматтық және елжандылық ұстанымдарыңыз үшін баршаңызға алғысым шексіз. Екіншіден, Компанияның геология саласында еңбек ететін кәсіби мамандардың арқасында жаңадан мұнай ұңғымалары іске қосылып, «қара алтын» ел игілігіне жаратылуда. Жалпы алғанда, геология қызметі – кез келген мұнай компаниясының негізгі күретамыры, соғып тұрған жүрегі іспетті, – деді «Торғай-Петролеум» АҚ Бас директоры, техника ғылымдарының кандидаты Дәурен Әбілқайыров.
Салтанатты шара соңы кәсіби мереке құрметіне орай «Amanat» партиясы Қызылорда қалалық филиалымен бірлесіп Компания қызметкерлері арасында ұйымдастырылған волейболдан ашық турнирге ұласты. Барлығы 5 команда бақ сынаған турнирде «Тарлан» командасы жеңіске жетсе, «Бразилия» және «Сұңқар» командалары ІІ және ІІІ орынға табан тіреді. Ал «Алға» және «Бағдаттың бандалары» командалары ынталандыру сыйлықтарына ие болды. Асқар Ілиясов «Үздік ойыншы», Абылайхан Амангелді «Үздік шабуылдаушы», Олжас Есназаров «Үздік қорғаушы», Айбек Абызбай «Үздік либеро», Болат Бакиров «Үздік үйлестіруші» аталымдарын қанжығаларына байласа, турнирге қатысқан 34 ойыншыға арнайы марапат табысталды. Бұдан бөлек, аталған турнирді ұйымдастыруға атсалысқан қызметкерлер мен оған әділ төрелік еткен волейболдан жоғары дәрежелі жаттықтырушылар Дінислам Әбдіқахар мен Мейрамбек Өміртайға да құрмет көрсетілді. Жеңімпаз командалар мен барлық қатысушыларға қаржылай сыйлықтар табыс етілді.