«ТОРҒАЙ-ПЕТРОЛЕУМ» АҚ ЖАҢА ЖЫЛДЫ ҮЛКЕН ТАБЫСТАРМЕН ҚАРСЫ АЛДЫ
Қызылорда облысының ғана емес, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына өзінің зор үлесін қосып келе жатқан компаниялардың бірі де бірегейі «ТОРҒАЙ-ПЕТРОЛЕУМ» акционерлік қоғамы тарихтың қойнауына еніп бара жатқан 2023 жылды толағай табыстармен қарсы алды. Есігімізден аттағалы тұрған жаңа 2024 – Ұлу жылының құрметіне орай ұйымдастырылған мерекелік кеште сала үздіктері марапатталып, бірқатар еңбек озаттарына құрмет көрсетілді.
Мерекелік дастарқанды ашқан Компанияның Бас директоры Дәурен Тұрғанбайұлы жиналған қонақтар мен ұжымды жаңа жылмен құттықтап, кәсіпорында жыл бойы көптеген игілікті іс-шаралар ұйымдастырылып, маңызды мерекелер сән-салтанатымен аталып өткендігіне тоқталды.
Мәселен, Ұлыстың ұлы күні әз-Наурыз мерекесі «ТОРҒАЙ-ПЕТРОЛЕУМ» акционерлік қоғамының келісімшарттық аумағы «Құмкөл» кен орнынан бастау алып, мереке мезіретін ондағы барша еңбеккерлер сезінді. Жаңа күннің мерекесі Компанияның бас кеңсесінде де жалғасын тауып, Қызылорда қаласының орталық алаңында қоғамның ақшаңқан киіз үйі тігілді.
Биыл Қасиетті Рамазан айында Компанияда алғаш рет ауызашар дастарқаны жайылды. Оған ұжым қызметкерлерінен бөлек, олардың отбасы мүшелері мен мекеме ардагерлері шақырылып, барлығы бір дастарқанда бас қосты.
2023 жылдың мамыр, маусым және шілде айларында Компания тарихында тұңғыш рет Мұнай және газ өндіру цехы қызметкерлеріне Шымкент қаласында және әкімшілік кеңсе қызметкерлеріне Алматы қаласында корпоративтік оқыту – тимбилдинг өткізілді. Алғаш рет ұйымдастырылған бұл шараға кен орнынан 189, әкімшілік кеңсесінен 56 адам қатысып, естен кетпес қызықты күндерді ұжым болып бірге өткізді.
Компания қызметкерлерінің жыл сайын асыға күтетін кәсіби мерекесі – «Мұнай және газ кешені қызметкерлерінің күні» «Құмкөл» кен орнында ерекше сән-салтанатпен тойланып, бірқатар қызметкерлер еңбектегі жоғары көрсеткіштері, кәсіби шеберлігі және Компанияның дамуына қосқан үлесі үшін Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің «Құрметті құрылысшы» және Энергетика министрлігінің «Мұнай-газ кешенін дамытуға қосқан үлесі үшін» медальдарымен, «Мұнай-газ саласының еңбек сіңірген қызметкері» төсбелгісімен және басқа да ведомоствалық наградалармен марапатталды. Үздік қызметкерлерге Қызылорда облысы әкімінің Алғыс хаты, Компания Бас директорының Құрмет Грамоталары табысталды.
Акционерлік қоғам тұңғыш рет Еңбек күнін ерекше жағдайда атап өтіп, әкімшілік қызметкерлері жалпыұжымдық сенбілік жасады. Ұжымның береке-бірлігі мен ауызбіршілігін дәріптеген сенбілік аясында түрлі пікір алмасулар да ұйымдастырылды. Осы Еңбек күні аясында Компанияда ұзақ жылдардан бері еңбек етіп келе жатқан Салықтық есеп бөлімінің басшысы Жанат Бодықова мен Ұңғымаларды ағымдағы және күрделі жөндеу бөлімінің бастығы Марат Сыдықов облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталып, акционерлік қоғам басшылығы тарапынан құрмет көрсетілді.
Биыл Қоғамда алғаш рет жақсартылған шарттармен Ұжымдық шартқа қол қойылды, онда әлеуметтік төлемдердің мөлшері айлық есептік көрсеткішке байланыстырылды, сондай-ақ, медициналық қызмет көрсету шарты шеңберінде тұңғыш рет Компанияның 200-ден аса қызметкері Сарыағаш, Жаңақорған және Қызылорда қаласындағы шипажайларда санаторий-курорттық ем қабылдады.
Компанияда үнемі салауатты өмір салтын сақтауға, саламатты қоғамды қалыптастыруға баса мән беріліп, ерекше назар аударылып келеді. Осы бағытта кен орнындағы және әкімшілік кеңседегі қызметкерлер арасында жыл бойы түрлі спорттық жарыстар ұйымдастырылып, барлық қатысушыларға қаржылай сыйлықтар табысталды.
Мерекелік кеште Дәурен Тұрғанбайұлы бірқатар сала үздіктеріне ведомоствалық наградалар табыстап, қаржылай сыйлықтармен марапаттады.
Жаңа жылдық дастарқанның арнайы қонақтары – «Қор» мұнай компаниясы» АҚ, «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ, «ҚазПетролГрупп» ЖШС, «ТұзкөлМұнайГаз Оперейтинг» ЖШС, «САУТС-ОЙЛ» ЖШС, «Галаз и Компания» ЖШС, «СПМК» ЖШС, «НефтьТехСервис» ЖШС, «Новомет-Казахстан» ЖШС, «Petroleum Technology» ЖШС, «Фирма Вест Сервис» ЖШС кәсіпорындарының басшылары сөз алып, Компания басшылығы мен ұжымын мерекемен құттықтады.
Сондай-ақ, кеште лоторея мен түрлі ойындар ойнатылып, Сыр өнерпаздарынан бөлек, елімізге танымал жұлдыздар Қайрат Әділгерей, Ернар Айдар, Қыдырәлі мен Қарақат, түрік әншісі Мұрат Япрак өнер көрсетті.