Еліміздегі күрделі жағдайға байланысты Мемлекет басшысы Үндеу жолдап, «Осындай қиын-қыстау кезде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығару айрықша маңызды. Бір ел, бір халық болып жұмылып, бұл апатты еңсереміз. Бұл біздің қолымыздан келеді» деген болатын. Осыған орай аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге көмек көрсетуді ұйымдастыруды тапсырды. Қызылордалықтар су тасқыны болған аймақтарға жәрдемдесуге жаппай жұмылуда. Қала және аудан әкімдіктері ұйымдастырған «Күшіміз – бірлікте» акциясына облыстың жанашыр азаматтары мен волонтерлер өз үлесін қосты.
Бүгін аймақтағы ірі мұнай компанияларының бірі – «Торғай Петролеум» акционерлік қоғамы Атырау, Ақтөбе, Қостанай, Батыс және Солтүстік Қазақстан облыстарына 50 млн теңгенің 120 тонна қайырымдылық көмегін жіберді.
Жиырма тонналық 10 жүк көлігі азық-түлік, газ плиталары, қайықтар мен құрал-саймандар, төсек жабдықтары, ыдыс аяқ, гигиеналық заттар мен дәрі-дәрмек тиеп жолға шықты.
Облыстық мәслихат төрағасы, «AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы Наурызбай Байқадамов, «Торғай Петролеум» АҚ бас директоры Дәурен Әбілқайыров ізгілік керуеніне сәт сапар, су басқан аймақтардағы ағайындарға Сыр жұртшылығы атынан ізгі тілегін білдірді.
Айта кетейік, гуманитралық көмекті 5 облысқа акционерлік қоғамның қызметкерлері өздері бастап барады.