Биыл елімізде «Еңбек күні» алғашқы рет кең көлемде мерекелене бастады. Осыдан 7 жыл бұрын қыркүйек айының соңғы жексенбісіне бекітілген атаулы күн Қызылорда облысының ғана емес, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына өзінің зор үлесін қосып келе жатқан компаниялардың бірі де бірегейі – «ТОРҒАЙ-ПЕТРОЛЕУМ» акционерлік қоғамында жоғары деңгейде аталып өтілді.
Кәсіпорын басшысы Дәурен Әбілқайыров ұжымды аталған мерекемен құттықтап, оның мәні мен маңыздылығына тоқталды.
– Еңбек күнi – бұл адамдарды жаңа еңбек шыңдарын бағындыруға ынталандыруға, қолдауға және шабыттандыруға арналған мереке. Сіздерді халқымыздың экономикалық және әлеуметтік саладағы жетістіктеріне арналған «Еңбек күнімен» құттықтаймын. Бұл мереке барша қазақстандықтардың еңбекке деген құрметінің, олардың әрқайсысының өз ісінде кәсіби маман болуға деген ұмтылысының белгісі саналады. Киелі «Құмкөл» деген жерде жүздеген мұнайшылар ерен еңбектің үлгісін көрсетіп келеді. Сондықтан мен өз салаларын алға жетелейтін, кәсібиліктің бағзыдан келе жатқан берік ұстанымдарын бұлжытпай сақтай отырып, жастарға тәлім көрсетіп келе жатқан кәсіби мамандарға ерекше алғысымды білдіремін, – деді ол.
Шара соңында Д. Әбілқайыров кәсіпорынның 1 санатты геологы Асқар Қабдулға Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпованың Алғысын табыстады. Айта кетейік, жыл сайын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі атаулы күн қарсаңында үздік еңбек әулеттері мен өндіріс жұмыскерлерін айқындау үшін «Еңбек жолы» республикалық конкурсын өткізеді. Биыл байқау нәтижесінде «Үздік еңбек әулеті» номинациясын Асқар Қабдулдың Атшыбаевтар әулеті жеңіп алды. Бұл әулетте 10 адам мұнай-газ саласында еңбек етеді, барлығының жиынтық еңбек өтілі 304 жылды құрайды. Есімдері еліміздің «Алтын картасына» және Атырау облысындағы мұнайшылар әулеттердің Құрмет тақтасына енгізілген.
Сондай-ақ, қоғам басшысы Салықтық есеп бөлімінің бастығы Жанат Бодыкова мен Ұңғымаларды ағымдағы және күрделі жөндеу бөлімінің бастығы Марат Сыдыковқа Қызылорда облысының әкімі Н.М. Нәлібаевтың Алғысын табыс етті.
Салтанатты шарадан кейін кәсіпорын ұжымы сенбілік ұйымдастырып, жалпыхалықтық акцияға белсене атсалысты.