ҚАСИЕТТІ АЙДА АУЫЗАШАР БЕРІЛДІ
30 жылға жуық тарихы бар «ТОРҒАЙ-ПЕТРОЛЕУМ» акционерлік қоғамының тарихында тұңғыш рет қасиетті Рамазан айында ауыз бекіткен жандарға арналып ауызашар дастарқаны жайылды.
Оған ұжым қызметкерлерінен бөлек, олардың отбасы мүшелері мен мекеме ардагерлері шақырылып, барлығы бір дастарқанда бас қосты.
– Баршаңызды қасиетті Рамазан айымен құттықтаймын. Рамазан айы – күллі мұсылман қауымы үшін ерекше мезет. Бұл айдың рухани тұрғыда дамуымыз үшін де пайдасы зор. Себебі, Рамазан кешірімді болуға, қайырымдылық пен игі істер жасауға үндейді. Биыл Компания атынан тұңғыш рет ауызашар дастарқаны жайылып отыр. Бұл бастама жыл сайын жалғасын тауып, дәстүрге айналатын болады. Осы айда жасаған дұға-тілектеріңіз бен ұстаған оразаларыңыз қабыл болсын! – деді шараны ашқан Компанияның Бас директоры Дәурен Әбілқайыров.
Ауызашар дастарқанында Қызылорда қалалық «Айтбай» мешітінің бас имамы Дастан Құрманбаев уағыз айтып, қасиетті Рамазан айының тағылымы мен ғибратына тоқталды.
– Қасиетті Рамазан айы халқымызды татулыққа шақыратынын бірлік айы. Айналамызға қайырымдылық танытып, жақсылық жасау Хақ дініміздің ең басты құндылығы. Сондықтан барша кәсіпорын қызметкерлерін ізгілікке, жақсылық жасап жарысуға шақырамын. Айлардың сұлтаны – Ораза айындағы ұстаған оразаларыңыз қабыл, мұраттарыңыз асыл болсын! – деді Дастан Жанасұлы.
Ерекше атап өтерлігі – шараға Арал, Қазалы, Қармақшы аудандары мен Байқоңыр қаласының бас имамдары да қатысты.
Ауызашар соңында мереке ардагерлері бата беріп, елдің амандығы, береке-бірлігі үшін дұға жасалды.